«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған негізгі бағыты десек әбестік болмас.
Себебі бұқара көпшілікпен санаса білген билік қана толағай табыстарға қол жеткізбек. Қалай алып қарасақ та, мемлекеттік қызметкер – биліктің айнасы, оның түр-сипаты. Алайда, бүгінгі таңда мемлекеттiк қызметшiлер күнделікті қызметінде, сонымен қатар халықпен кездесу барысында өзін-өзі ұстау мен көпшілік алдында сөйлеу кезінде әдеп нормаларына сай келе бермейтінәр түрлі кемшіліктерге жол беретін кездер жиі көрініс табуда.
Аталған кемшіліктер әлеуметтік желілер арқылы халық арасында таралып, нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер азаматтар тарапынан сынға ұшырауда. Аталған кемшіліктерді ендігіде болдырмау, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, оның ішінде мемлекеттік қызметкердің сөйлеу әдебі, бұқара алдында өзін-өзі ұстау мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет Істері агенттігімен бірлесе отырып өңірдегі мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Development Day » аясында оқыту курстары бастау алды. Оқыту форматы онлайн дегенімен, дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізуге тәжірибелі мемлекеттік қызметшілерді, беделді қоғам қайраткерлері мен журналистерді, танымал блогерлерді, өзге де қоғамның белсенді мүшелері жұмылдырылып отыр. Қараша айының соңына дейін әр жұма күні дәрістер оқылады.