Жаңалықтар

Қыркүйектің алғашқы күні Парламенттің кезекті жаңа сессиясының ашылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады.

«Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты бұл Жолдаудың ерекшелігі – Президентіміз мемлекеттің дамуын қазіргі нақты ахуалға қарай бейімдеу жолдарын ұсынды, елді дамытудағы барлық бағыттарды түгел қамтып, нақты бағдарды айқын көрсетіп берді. Мемлекет басшысы көптің көкейіндегі көкейтесті, түйткілді жайттарды қозғады.
Бұл жолғы Жолдау әлемді шарпыған, оның ішінде біздің елде де орын алған пандемияға байланысты қиындықтармен тұспа-тұс келіп отыр. Осы күрделі мәселелерді шешу жолдары көрсетіліп, мұны жоғары деңгейде шешу үшін стратегиялық жоспарлар мен реформалар агенттігін құру бойынша тапсырма берілді, мұның өзі халық жағдайына қатысты мәселе. Жолдаудың негізі, әрқашанда өзекті сұрақтардың бірі болып табылатын ел экономикасы мен әлеуметтік мәселелерге арналғандығы, отандастарымыздың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыруға және ел экономикасын дамытуға септігін тигізеді деген сенімін арттыра түсті.
Сонымен қатар, қазіргі кезеңде ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды құралы болып табылатын цифрландыру жағдайына баса тоқталуы халықтың көңіліне қуаныш ұялатты. Айтылғандай, ең алдымен, цифрлық теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керектігіне назар аударыла бастайды деген үміттеміз. Ақпараттық технологиялар нарығын, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялар қызметін дамыту ісі Үкіметке міндеттеліп отыр. Бұл халықтың болашақта заманауи цифрландырылған қызмет түрлерін еркін пайдаланып, өркениетті елдерден кейін қалып қоймауы үшін қолға алынуы тиіс маңызды қадам деп санаймын. Аталған міндеттерді жүзеге асыру нәтижесінде, отандық IT мамандарының танымы кеңейетін болады, әрі ұтқыр технологиялық туындылардың туындауына және цифрландыру бойынша сан түрлі салалардың дамуына түрткі болады. Сондай-ақ, білім саласын бірыңғай цифрландырудың ең басты міндеті, білім беру сапасын арттырудың оң шешімін табуды көздейді. Президенттің әлеуметтік желі арқылы мемлекет пен халықтың арасында алтын көпір орнату идеясы да көпшіліктің қызығушылығын оятуда.
Мемлекетіміздің бүгінгі және алдағы уақытта атқаруға тиісті іс-әрекетіне бағдар ретіндегі өзекті ойлардың барлығы «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» деп аталатын тарауға тоғысады. Бұл тарау Президент Жолдауының қорытындысы, темірқазығы іспеттес. Жаңа Жолдаудың шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп, ол бойынша іс-қимыл шараларының түрлі жоспарлары жасалатынын да заңдылық деп ерекше ықыласпен қабылдаған жөн.