Алтайдан бастап сонау кәрі Каспий жағалауына дейін созылып жатқан жер – біздің басты құндылығымыз әрі аманатымыз. Асты-үстіндегі кен байлығы мен табиғат ресурстарына да кенде емес. Біздің алдымызда тұрған мақсат – сол бабадан жеткен мирасты дұрыс игеру. Өйткені ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов айтпақшы «оның (жердің) әрбір тасына дейін қазақ баласының өңіріне түйме болып қадалуы тиіс.»
Сол байтақ жеріміздің шекарасының бекітілгеніне 100 жыл толуына орай, Қарағанды облысының Рухани жаңғыру өңірлік жобалық кеңсесі мен академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті онлайн режимде «Қазақ автономиялы кеңестік социалистік республикасы» туралы тарихи декреттің қабылданғанына 100 жыл! Жер тұтастығына тұтқа болған қайраткерлер» атты республикалық конференциясын ұйымдастырды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов сөз бастап, конференция модераторы Айтбай Жұмағұлов конференцияны жоғарғы деңгейде өткізгені көңіл қуантарлық болды. Қойгелді Мәмбет, Тұрсын Жұртбай сияқты ғалымдардың баяндамасын тыңдап, жер мәселесі жайлы әлі де өзектілігін жоғалтпаған тың материалдармен танысып, рухани байып қалдық десе де болады. Мемлекеттің дамуында, шекара бекітуде Алаш қайраткерлерінен Елбасыға дейінгі тұлғалардың еңбегі зор және әлі де соны зерттеулерді қажет ететіні жайлы тың дүниелер жайлы қызықты дискуссия өтті.