Жаңалықтар

«Артық ғылым – кітапта»

«Артық ғылым – кітапта» деп хакім Абай тегін айтпаса керек. Рас, дүниенің ілімі мен білімі осы кітапта.

 Оның үстіне адамды рухани байытатын ең бір қажетті құрал да осы кітап. Ал бүгінгі қарқынды дамып жатқан жаһандану заманында кітап оқу кенжелеп бара жатқаны қынжылтады. Әлем елдерін алып қарасақ, алпауыт мемлекеттерде кітапхана әлі де өз маңыздылығын жоғалтпаған. Сонда бұл мәселе тек бізде ме деген ой туындайды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының басшылығы Абай атындағы облыстық балалар кітапханасына арнайы ат басын бұрды. Кітапхана тарихы һәм ондағы кітап қоры өте бай екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Біздің санамызда кітапхана деген кітап толы сөрелер мен ала көлеңке бөлмелер болып қалыптасқаны рас. Ал енді бүгінгі сапардан соң ол ойымыз мүлде өзгерді. Кітапхана – рухани байытатын киелі орын деген ойды бекіттік. Заманауи үлгіде жабдықталған бұл кітапхана балалар түгіл ересектердің өзін қызықтырып, бір келген адам екінші мәрте келгісі келіп тұратындай әсер қалдырды. Аты айтып тұрғандай балар кітапханасы болғандықтан, балалардың жас ерекшелігіне сай түрлі кітаптарға бай екен. Ертегілерді былай қойғанда, кез-келген саладағы ғылыми кітаптардың өзі балалар тіліне сай жазылғанын көзіміз шалды. Одан бөлек сол жерде кітап оқу үшін, ғылым, инттеллектуалды дамуға септігін тигізетін ойын алаңдары мен оқу залдарын көргенде, коворкингті алыстан іздеп керек жоқ екен деген де ой келді. Балаларымызды бос кезде қайда апарамыз деп қиналып қалатын кез болады ғой. Міне осы сұрақтың да шешімін осы жерден тапқандаймыз.
Соңында кітапхана басшылығымен сүбелі ойлармен бөлісе отыра, кітапхана ісі бойынша, кенжелеп бара жатқан кітап оқу мәселесі бойынша өткір мәселелер қозғалды. Жаңа заманға лайық кітапхана ісін қайтсек жанданбақ деген сұрақтар төңірегінде тұщымды ойлар айтылды. Алдағы уақытта екіжақты келісілген жоспарлар іске аспақ. Олай болса, парақшамыздағы жаңалықтардан сол жоспарларымыздың нәтижесін көретін боласыздар!