Бұл — Ұлы Дала елінің ұлағатты өткеніне тағзым, Мәңгілік Елдің бүгініне және Болашағы біртұтас елдің ертеңіне деген нық сенім. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бекітілген Алғыс айту күні — бейбітшілік пен келісімнің жарқын көрінісіне айналды. Ел ішінде қалыптасқан өзара түсіністік пен бір-біріне қолдау көрсету біздің еліміздің, біздің қазақстандық үлкен отбасының рухани қағидаты болып қалыптасты. Қиын-қыстау жағдайда бір-біріне қол ұшын созып, иық тіреп көмек көрсету — Дала халқы үшін жазылмаған заң. Мұндай дүниетанымның негізінде адамға деген шынайы құрмет қалыптасқан. Отанымыздың тарихы мен жинақтаған тәжірибесінен асқақ гуманизмнің, адал ниет пен шынайы ризашылықтың мыңдаған дәлелдерін көруге болады. Көптеген жылдар бойы миллиондаған тағдырлардың тоғысуы, жүздеген этностардың өзара араласуы, дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарының ұштасуы қайталанбас рухани және бірегей мәдениеті қалыптасқан ұлт болып ұйысып, болаттай берік бірлігі бар еңселі ел болуымызға негіз қалады. Алғыс айту күні, Қазақстан халқына тән асыл қасиеттер — патриотизм, абырой мен әділдік, құрметтеу мен ізгілік қосымша серпін алады. Бұл күні біз, ата-бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-аналарымызға, ардагерлерге, отбасымызға, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз.
Анаға – өмір сыйлағаны үшін,
Әкеге – қорған болғаны үшін,
Далаға – гүлдері мен көк шалғыны үшін,
Сөзге – жанды жылытатыны үшін,
Күнге – шуағы мен назары үшін,
Жұлдызға – қараңғы түндегі жарығы үшін,
Досқа – құшағы мен иығы үшін,
Әжеге – ыстық алақаны үшін,
Суға – тіршілік көзі болғаны үшін,
Жерге – махаббаты мен бар болғаны үшін,
Отқа – жылулығы үшін,
Отанға — кіндік қаным үшін, Мемлекеттік басқару академиясына — берген білімі үшін алғыс айтамыз!