Мемлекет қоғамға қызмет ететін әмбебап саяси ұйым. Мемлекетті құрайтын біз, халықпыз. Сондықтан мен, сіз, ол — баршамыз мемлекеттік мүддеге қызмет істей алуымыз, істеуіміз қажет. Ол қызмет әр түрлі нысанда атқарылады. Біреу егіс даласында, біреу өндірісте, кеніште, енді біреу ғылыми зертханада қызмет істейді. Біреу шекара күзетеді, басқалар әдебиет, мәдениет, өнер саласында шығармашылықпен айналысуы мүмкін.
Бүгінгі қысылтаяң күндерде баршамыз үшін ортақ міндет — өз қызметімізге адал болу, жасампаз еңбекпен айналысу, жел сөзге желкен кермей, алдымызда тосып тұрған түбегейлі реформаларға барынша қолдау көрсету.
Ұлы хакім Абай айтқандай ең мықты адам — өзін ұстай білген адам. Сондықтан мықты боламыз десек, әркім өзіне ие болсын, өзінің сөзіне, ісіне, отбасына, бала-шағасына ие болсын. Күнделікті тірлігімізге, тұрмысымызға, ішкі ниетімізге өзіміз жауап береміз. Отандастарымыздың басым бөлігі ақ ниетті, жарқын мінезді, жамампаз еңбекке құлшынған жандар екеніне күмән жоқ.
Жаңа заман соны талаптарды алға тартуда. Талаптың бастысы — білім алу, біліктілікті шыңдау, адамшершілік қасиеттерді дамыту.
Елдігіміздің алтын қазығы — бірлікте.
Ұйым-бірлігі мықты жұрт мұратына жетері анық.
Жер шары бекер домалақ емес. Оның ерекше жаратылған, арнайы жасақталған жұмақ пұшпағы жоқ. Жерұйық — ол әркімнің туған жері, Отаны. Мен үшін Қазақиядан артық жұмақ жер жоқ. Дәл осылай ойлайтын жандарды айналамнан күнде көремін. Солардың жарқын жүздерінен шуақ, жасампаз құлшыныстарынан қуат аламын.
Жақсы адамдар!
Еліміз түбегейлі де күрделі реформалар алдында тұр. Осы жолда бірге болайық, бір бірімізді, жасампаздық жолына бет бұрған жергілікті билікті, еліміздің басшылығын қолдайық. Жақсы істерді бірлесіп атқарайық. Ол үшін ашық болайық, өзара келісімде, өзара түсіністікте болайық! Өзара татулықты нығайтайық!
Жақсыларға, жалынды да білімді жастарға жол берейік, бағыт-бағдарды ақылдаса отырып анықтайық. Қатарымыз тығыз да мығым болса, әр қадамымыз нық та сенімді болатыны айқын.
Бәрі жақсы болатынына сенімім мол.