Жаңалықтар

«Мықты филиалдар – мықты Академия – кәсіби мемлекеттік қызмет»

2020 жылдың 29 желтоқсанында сағат: 15:00-де ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының ғимаратында облыстық филиалдардың құрылғанына 3 жыл толуына орай «Мықты филиалдар – мықты Академия – кәсіби мемлекеттік қызмет» атты іс-шара өтеді.

 Іс-шараның мақсаты: мемлекеттік қызмет сапасын, сондай-ақ өңірлердегі мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру болып табылады. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық дамуды басты назарға алған болатын. Бұл іс-шарада «Ideialar Fabrikasy» бойынша келесідей жобалар талқыланбақ: «Әлеуметтік-психологиялық бейімделу процесінде мемлекеттік қызметшінің кәсіби сәйкестігін қалыптастыру»; «Анықтамалар мен хабарламаларды Egov порталының жеке кабинетіне аудару»; «Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатта нормативтік құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру».
Тың ойлар мен креативті идеялар талқыға түсетін бұл кездесудің арнайы қонақтары: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Нұралиқызы Жайылғанова, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Қуанышұлы Әбіл және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов. Сонымен қатар іс-шараға Академия филиалдарының директорлары (онлайн), Қарағанды облысы бойынша Академияның түлектері, магистранттары мен докторанттары, Президенттік жастар кадрлық резервінің резервистері, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері, «Үздік мемлекеттік қызметші» және «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауларының жеңімпазы мен номинанты, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының докторанттары, Е.А Бөкетов атындағы Қарағанды Унивенрситетінің ректоры қатыспақшы.