Ел тәуелсіздігінің ең басты белгісі- оның ана тілі екені бәрімізге белгілі. Қазіргі таңда қазақ жерінде жүз отыздан астам ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр және олардың әрқайсысының ана тілі мен ата дәстүрі бар. Ана тілі дегеніміз- сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың бұрынғысын, бүгінгісін, болашағын қамтитын сол халықтың мәңгілік мәселесі.
Қазақ тілі- халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан- ұрпаққа мирас болып отырған баға жетпес асыл мұрамыз. Кешегі қазақ тілі ғылымының іргетасын қалаған Ахмет Байтұрсынов: «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» десе, Мағжан Жұмабаев :«Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихи тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады»,-деген.
«Тіл жалғастығы өмір жалғастығы» дегенді ұлттық дәстүр үлгісі деп білсек бұл- әулеттің тәрбиесі, жастарды болашаққа дайындау,- бүгінгі ересек ұрпақтың, бүкіл саналы қауымның, барша мемлекет тұрғынының парызы емес пе?
Соның ішінде бүгінгі таңда қазақ тілі деген құрмет ерекше болуы керек. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақ тіліне деген құрмет пен сұраныстың артуын жіті қадағалауға тапсырма берген де еді. Тіпті бір сөзінде: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» — дегені де бар.
Қазақстан Республикасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Халықтарының тілдер күні» 5-қыркүйек болып жарияланды. Бұл қазақ тілі әліппесінің атасы, қазақ лингвистикасының негізін салушы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен тұспа-тұс келуі де тегін емес.
Мемлекеттік тілге құрмет көрсету , мемлекетіміздің тарихы мен мәдениетінің жарқын келбетін таныта алады.
«Тіл- ұлт байлығы» — дегендей, өзіміздің ең қымбат қазынамыз, ана тіліміздің де маңдайындағы жұлдызы жарқырап тұр. Олай болса Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалы баршаңызды тілдер күнімен құттықтай отыра, мемлекеттік тілдің көркеюіне үлес қосуларыңызға шақырады. Себебі тіл – бір ғана қоғамның емес, бір мемлекет аясындағы барша халықтың қазынасы.